Германия жұмыс күші тапшылығынан жыл сайын миллиардтаған ақша жоғалтады

БЕРЛИН. KAZINFORM – Экономистердің болжамы бойынша, неміс компаниялары биыл толық қуатында жұмыс істегенде 49 миллиард еуроға көп пайда табуы мүмкін. Алдағы жылдары білікті кадрлар тапшылығы мәселесі ушыға түспек, деп хабарлайды DW.

Фото: Daniel Karmann/dpa/picture-alliance

Германия экономикасы білікті кадрлардың жетіспеушілігінен жыл сайын екі таңбалы миллиард шығынға ұшырайды. Неміс экономикасы институтының (IW) жексенбіде, 12 мамырда жариялаған есебіне сәйкес, неміс кәсіпорындары, егер толық қуатында жұмыс істесе, 2024 жылы 49 миллиард еуро көбірек пайда табуы мүмкін. Сонымен қатар, кадр тапшылығына қатысты қиын жағдай алдағы жылдарда да сайын ушыға түспек.

2023 жылғы мәлімет бойынша, Германияда 570 мың жұмыс орны бос қалды. «Бұл кәсіпорындардың өндірістік әлеуеті іске аспай қалғанын білдіреді. Шындығында, олар көбірек шығара алар еді, бірақ жұмысшы күші жеткіліксіз», - дейді институт сарапшылары.

Алдағы жылдары кадр тапшылығына қатысты жағдай нашарлай түседі деп күтілетіндіктен, кадр тапшылығынан болатын шығын да артады, деп болжайды экономистер. 2027 жылы жоғалған өндірістік әлеуеттің көлемі 74 миллиард еуроға дейін артады.

«Кадр тапшылығын азайту үшін бізге, ең алдымен, білікті иммигранттар қажет», - деп есептейді экономистер.

Олар сондай-ақ егде жастағы қызметкерлердің еңбек ету мерзімін ұзарту қажет деп санайды.

«Кәсіпорындар тартымды ұсыныстары бар тәжірибелі қызметкерлерді ұстап қалуға тырысуы керек», - деп кеңес береді неміс экономика институты.