Германияда 400 жолаушысы бар пойыз туннель ішінде бірнеше сағат тұрып қалды

Фото: Freepik

АСТАНА. KAZINFORM – Австрияның Вена қаласынан Гамбургке бағыт алған Deutsche Bahn компаниясының жолаушылар пойызы Германиядағы туннельде бірнеше сағат бойы тоқтап қалды, деп хабарлайды DW.

Оқиға пойыз туннель ішінен өтіп бара жатқанда электр қуатының кенеттен өшіп қалуынан орын алған. Салдарынан 400-ге жуық жолаушы жарықсыз қалған вагондарда ұзақ уақыт күтуге мәжбүр болды.

Техникалық себептерге байланысты пойызды сүйреп шығару мүмкін болмаған. Сондықтан жолаушыларды басқа пойызға көшіру туралы шешім қабылданған. Алайда, кей жолаушылар қауіпсіздік талаптарына қарамастан өз бетімен вагондардан шығып кеткен.

Сол себепті, құтқару операциясы кешігіп, туннельге қайтадан электр қуаты берілмей, оның ішін мұқият тексеруге тура келген. Операцияға құтқару қызметінің көптеген маманы жұмылдырылды.

Зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.

Айта кетейік, Германияда сақтандыру аясында аяқ-қолға липосакция жасатуға болады.