Пәкістанда төтенше ауа райы салдарынан қаза тапқандар саны артты

Фото: freepik.com

АСТАНА. KAZINFORM –  26 маусымнан бері Пәкістанда толассыз муссон жаңбырлары мен кенеттен болған су тасқындары салдарынан 66 адам қаза тауып, тағы 127 адам жарақат алды, деп хабарлайды «Синьхуа».

Пәкістанның Табиғи апаттардың салдарын жою жөніндегі ұлттық басқармасы (NDMA) соңғы екі күнде жауған жаңбыр салдарынан тағы екі адамның қаза тауып, 10 адамның жарақат алғанын хабарлады. Елдің кейбір өңірлерінде төтенше ауа райы әлі де жалғасып жатыр.

NDMA мәліметінше, ең көп адам шығыны Пәкістанның солтүстік-батысындағы Хайбер-Пахтунхва провинциясында тіркелген – мұнда 24 адам, оның ішінде 11 бала көз жұмған. Өткен аптада Сват округінде кенеттен болған су тасқыны салдарынан олардың 14-і қаза тапқан.

Шығыс Пәкістандағы Пенджаб провинциясында нөсер жауын салдарынан үйлердің құлауынан және су тасқындарынан 22 адам, оның ішінде 11 бала қаза болды. Синд провинциясында 15 адам, Белуджистанда – 5 адам мерт болған. Сонымен қатар, Джамму мен Кашмир аймағында үш адам жарақат алды.

Толассыз жауын-шашынның жалғасуына байланысты Пәкістанның метеорологиялық департаменті алдағы 48 сағат ішінде бірнеше өңірде жауын-шашын мен найзағайдың күшеюі мүмкін екенін болжап отыр.