Германияда әрбір төртінші әскери міндетті Қорғаныс министрлігінің сауалнамасын елемеген

АСТАНА. KAZINFORM – Германияда әскери есепке алу жүйесін қалпына келтіруге бағытталған жаңа науқан қиындықтарға тап болды. 18 жастағы ер азаматтардың 28%-ы Бундесвердің міндетті сауалнамасына жауап бермеген, деп хабарлайды BILD .

Фото: BILD

Заң талаптарына сәйкес, әскери қызметке дайындық туралы мәліметтер бір ай ішінде ұсынылуы тиіс. Алайда сауалнама жіберілген азаматтардың төрттен бірінен астамы бұл міндетті орындамаған.

Германияның Қорғаныс министрлігі мұндай әрекетке көз жұма қарамайтынын мәлімдеді. Сауалнаманы толтырмаған азаматтарға енді айыппұл салынуы мүмкін.

Ведомствоның мәліметінше, сауалнамаға жауап бергендердің шамамен жартысы алты айдан кем емес мерзімге ерікті әскери қызмет атқаруға қызығушылық білдірген.

Жастар үшін шешуші факторлардың бірі – тұрғылықты жеріне жақын әскери бөлімде қызмет ету мүмкіндігі.

Жыл басынан бері шамамен 194 мың адамға хабарлама жолданған. Ер азаматтар үшін сауалнамаға қатысу міндетті болса, әйелдер оған өз еркімен қатыса алады.

Германияның Қорғаныс министрі Борис Писториус 2035 жылға қарай армия санын 260 мың әскери қызметкерге дейін жеткізуді жоспарлап отыр.

Егер ерікті қатысуға негізделген қазіргі модель күткен нәтиже бермесе, Германия билігі келесі кезеңге өтіп, бос орындарды толықтыру үшін «қажеттілік бойынша шақыру» тетігін енгізуі мүмкін.

Соңғы жылдары Еуропадағы қауіпсіздік ахуалының өзгеруіне байланысты бірқатар мемлекеттер әскери дайындық пен әскерді жасақтау жүйесін күшейтуге кірісті. Германия да Бундесвердің жауынгерлік қабілетін арттыру және жеке құрам санын көбейту бағытында реформаларды жалғастырып келеді.

Айта кетейік, бұған дейін Mercedes неліктен әскери техника шығаруды қолға алғалы отырғаны хабарланды.