Германияда автотұрақ қызметкері паркоматтардан миллион еуро ұрлаған
АСТАНА. KAZINFORM — Баварияның Кемптен қаласында полицейлер көшедегі тұрақтардан миллион еуродан астам қаржы ұрлаған автотұрақ инспекторы мен оның әйелін ұстады, деп хабарлайды ВВС.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ер адам бірнеше рет паркоматтардан тиын ұрлап, әйелінің шотына аударып отырған.
Ұрлық туралы күдік несиелік есеп агенттігі прокурорларға қаржыны жылыстатудың ықтимал схемасы туралы ескерткеннен кейін пайда болды. Прокурорлар қазан айында күдіктілердің бірнеше банктік шоттына тұрақты түрде ақша түсіп тұрғандығы жөнінде ақпарат алды. 24 қарашада тінту жүргізіліп, ерлі-зайыпты сол күні қамауға алынды.
Автотұрақ инспекторы 40 жаста, ал оның әйелі 38-де. Сот үкімі шыққанға дейін олардың аты жөні жария етілмейді.
Прокуратура 720 ұрлық бойынша айып тағуды қарастырып жатыр. Әзірге ұрланған қаражаттың қанша уақыттан бері жиналғаны, қылмыс қай кезде басталғаны белгісіз.
Кемптен мэрі Томас Кихле бұл жағдайды естігеннен кейін есеңгіреп қалғанын жасырмады. Ол операциялық процестерді қарастыру, ықтимал олқылықтарды анықтау және болашақта осындай оқиғалардың алдын алу шараларын әзірлеу үшін комиссия құрылғанын хабарлады.
Бұған дейін Астана қаласында шлагбаумы бар алаңдық типтегі автотұраққа төлем алдын ала сағатына 300 теңге болатыны туралы жаздық.