Германияда балалар сырғанағы қоғамдық көлікке айналды

АСТАНА. KAZINFORM — Германияның оңтүстігіндегі Кальв қаласында тұрғындардың таудан төменге тез түсуі үшін ерекше көлік жүйесі іске қосылды. Қала билігі саябақтағы екі алып сырғанақты қоғамдық көлік инфрақұрылымының бір бөлігі ретінде пайдалануды бастады. Бұл туралы DW жазды.

Фото: DW

Кальв қаласы ойпатта орналасқан және жан-жағын төбелер қоршап жатыр. Сол төбелердің бірінде қалалық саябақ пен екі оқу орны орналасқан. Қала орталығына жылдамырақ жету үшін билік төбеден төмен қарай түсетін екі үлкен сырғанақ орнатқан.

Олардың бірінің ұзындығы – 43 метр, екіншісі – 17 метр.

Фото: DW

Ресми мәлімет бойынша, сырғанақпен төмен түскендегі жылдамдық сағатына 35 шақырымға дейін жетуі мүмкін. Бірінші сырғанақтан түсуге шамамен 5-8 секунд, ал екіншісіне 10-16 секунд уақыт кетеді. Ал осы қашықтықты жаяу жүріп өту бірнеше минутты алады.

Қала билігі сырғанақтарды саябаққа келушілер, студенттер және қоғамдық көлік аялдамасына немесе автотұраққа тезірек жетуді қалайтын тұрғындар тұрақты пайдаланатынына үмітті.

Фото: DW

Осылайша, Кальв қаласында балалардың көңіл көтеруіне арналған нысан тұрғындардың күнделікті жүріп-тұруына көмектесетін ерекше көлік құралына айналды.

Айта кетейік, Германияның Volkswagen автоконцерні қатаң үнемдеу шаралары аясында елдегі төрт зауытта өндірісті тоқтату туралы шешім қабылдады.