Германияда балаларға мектепке барар жолда қауіп көбейген

Фото: stop-ugroza.ru

АСТАНА. KAZINFORM – Германияда балалардың мектепке барар жолында жарақат алу жағдайы жиілеген. Әсіресе, велосипедпен жүретін жоғары сынып оқушылары жиі жол апатына түседі, деп хабарлайды DW.

Неміс міндетті сақтандыру қоғамының (DGUV) алдын ала деректеріне сәйкес, 2025 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында мектепке бара жатқан жолда 42 303 оқиға тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 5 пайызға көп (2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында – 40 416 жағдай).

Жол апаттарының ең көбі Төменгі Саксония федералдық жерінде (әр 1000 сақтандырылғанға шаққанда 6,4 жағдай), ең азы Берлинде (3,2 жағдай) тіркелген.

Апаттардың шамамен жартысы велосипедпен жүрген оқушыларға қатысты. Көбіне 10-18 жас аралығындағы жеткіншектер зардап шегеді. Бастауыш сынып оқушылары арасында мұндай жағдай сирек, өйткені мектепке дейінгі қашықтық қысқа, жол ыңғайлы және балалардың көбі жаяу қатынайды. Ал үлкен сыныптарда велосипедті жиі қолданады.

DGUV сақтандыру компаниясы ата-аналарға балаларды мектепке көлікпен жеткізуді ұсынбайды.

«Мектеп қақпасындағы көлік саны артқан сайын, жолдағы жағдай да күрделене түседі. Бұл – мектепке қалай жеткеніне қарамастан барлық балаға қауіп төндіреді», – деді DGUV басқарушы директоры Штефан Фассхауэр.

Оның пікірінше, балалар мектепке өздігінен баруды үйренуі тиіс.

Сонымен қатар ол қалалық билікке мектепке апарар көшелерді қайта жобалауға, тиісті жол белгілерін орнатуға баса назар аударуды ұсынды. 

Компания өкілдері қауіпсіз мектеп маршруттарын әзірлеуді, оқушылар мен ата-аналарды қауіпті аймақтармен алдын ала таныстыруды да жиілету қажет деп есептейді.

Ата-аналар арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде, респонденттердің 56 пайызы велосипед жолдарының жоқтығын балалардың қауіпсіздігіне басты қатер деп атаған. Жартысынан көбі бағдаршамы жоқ өткелдерді де проблемаға жатқызды.

Жалпы жағдайды жақсарту үшін ата-аналар бірнеше шараны атап өтті: жылдамдықты 30 км/сағ-қа дейін шектеу, мектеп айналасында қозғалысты шектеу аймақтарын құру, сондай-ақ арнайы «ата-аналарға арналған тұрақ орындарын» енгізу. Мұғалімдер болса, басты қауіп автокөліктерден келетінін атап өтті.

Германиядағы барлық мектеп оқушылары сабақ барысында, үзілісте, мектепке барар және қайтар жолда, сондай-ақ мектеп мерекелері мен экскурсия кезінде жазатайым жағдайлардан сақтандырылған. Зардап шеккен балаларға толыққанды медициналық көмек көрсетіледі, ал сақтандыру емделу мен оңалту шығындарын өтейді.

Айта кетейік, Германияда мерез инфекциясын жұқтырғандардың саны күрт өсті.