Германияда бірнеше адам лаңкес деген күдікпен қамауға алынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Германияда бірнеше адам лаңкес деген күдікпен қамауға алынды, деп хабарлайды 24.kz .

Екі ай бұрын Германияның арнайы қызметі террорлық топтың мүшесі болуы мүмкін деген күдікпен бірнеше адамның ізіне түскен болатын. Содан бері олардың әрекеттерін дәлелдеу үшін айғақтар жиналды.

Сириялық үш босқын арнайы операция барысында құрықталды. Жедел шараға арнайы қызметтің 200 жасағы мен полиция қызметкерлері қатысты. Германия Ішкі істер министрінің айтуынша, күдіктілер ұйымдастырған шабуылдар кезінде 130 адам қаза тапқан. Сонымен қатар, Парижде теракті жасаған топпен де байланыста болыпты. Қолға түскен сириялық азаматтар ТГИЛ содырларының сапында арнайы дайындықтан өтіп, қару-жарақ пен жарылғышты қолдану тәсілдерін жақсы меңгерген. Олар бір жыл бұрын Германияға жалған құжаттың күшімен жетіпті.

- Федералды қылмыстық полицияның тергеу материалдарына жүгінсек, күдіктілердің 2015 жылы Парижде террористік әрекет жасаған қылмыскерлермен байланыста болғаны анықталды. Үшеуі де Германияға босқын ретінде келген. Әзірге олардың лаңкестік әрекетті дайындағандары туралы ешбір ақпарат жоқ. Алайда, біздің ойымызша олар Германияға ДАИШ тапсырмасымен келген. Германияға арнайы жіберіліп, әрі қарай әрекет ету нұсқаулықтарын күтті деген болжам бар, деді ГФР Ішкі істер министрі Томас де Мезьер.