23 тамыз, жұма күні Германияның Золинген қаласында (Солтүстік Рейн - Вестфалия) қаланың 650 жылдығын тойлау қайғылы оқиғаға ұласты. Есте қаларлық датаға арналған фестиваль кезінде қаланың орталық алаңына жиналғандарға белгісіз біреу пышақпен шабуыл жасаған.
Шабуыл салдарынан кем дегенде үш адам қаза тауып, тағы төртеуі ауыр жарақат алды, деп хабарлады Золинген округіне бағынысты Дюссельдорф полиция басқармасы.
25 тамызға дейін жалғасуы тиіс мерекелік шаралар тоқтатылып, тұрғындардан қаланың орталық аудандарына бармауға кеңес берілді. Шабуылдаушы оқиға орнынан қашып кеткен, полиция қызметкерлері оны іздеп жатыр.