Германияда газ тапшылығы болуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Ұзаққа созылған аяз бен жылытуға сұраныстың рекордтық артуы аясында Германиядағы газ қоры тез азайып жатыр, деп жазды BILD.
Ресми деректерге сәйкес, алдағы демалыс күндеріне қарай елдегі жерасты газ қоймаларының толу деңгейі 34 пайыздан төмен түсті. Бұл – соңғы төрт жылдағы ең төмен көрсеткіш.
Салыстыру үшін айтсақ, 2025 жылғы қаңтардың соңында газ қоймалары 58 пайызға, ал бір жыл бұрын 76 пайызға толған еді. Германияның газ және сутек өнеркәсібі қауымдастығы алаңдаушылық білдіріп, болашақта елді газбен қамтамасыз ету мәселесінде қиындықтар туындауы мүмкін екенін ескертті.
– Газ қоймалары әлі де суық ауа райында сенімді жеткізілімді қамтамасыз ететін сақтандыру полисі болып қала береді. Сондықтан алдағы қысқа дайындық барысында оларды толықтыру – басты міндет. Ал бос газ қоймалары қамтусыз сақтандыру полисімен тең, – деді қауымдастық басшысы Тим Келер.
Сарапшылар да бұл алаңдаушылықты бөлісіп отыр. Бохум қаласындағы Рур университетінің экономисі Андреас Лёшельдың айтуынша, егер сұйытылған табиғи газ терминалдарының жүктемесі шамамен 60 пайыз деңгейінде қалып, суық ауа райы сақталса, газ қорының көлемі қауіпті 10 пайызға дейін төмендеуі мүмкін.
Ал Германия үкіметі бұл қыста газбен қамтамасыз ету кепілдендірілген деп сендіріп отыр.
Дегенмен Германияның Федералдық желілер агенттігінің басшысы Клаус Мюллер келесі қысқа алдын ала дайындалу қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, ел қазіргі жылыту маусымын газ қорының өте төмен деңгейімен аяқтайды.
Айта кетейік, Әзербайжан газы Австрия мен Германия нарығына шыға бастады.