2022 жыл бойы елдегі айлық инфляция қарқыны жоғары болды. Былтырғы қыркүйек айында ол 10 пайыздық межеге жетті. 2022 жылдың қазан айында бағаның өсуі ең жоғары қарқынды – 10,4% құрады.
«Destatis» статистикалық кеңсесі жоғары жылдық инфляция Украинадағы қақтығыс басталғаннан кейін энергия мен азық-түлік бағасының күрт өсуімен байланысты екенін атап өтті.
2022 жылдың желтоқсан айында инфляция деңгейі 8,6%-ға дейін төмендеді. «Destatis» өкілдері Германияда 2022 жылы байқалған инфляцияның қарқынын үкімет арнайы шаралар арқылы ішінара жеңілдеткенін айтты. Атап айтқанда, 9 еуроға бір жол жүру билеті, жанар-жағармайға жеңілдік, газ бен орталықтандырылған жылытуға қосылған құн салығын төмендету, сондай-ақ желтоқсан айында тұрғындарға газ және жылу ақысын бір реттік төлеу кіретін болды.
Ең көп қымбаттаған энергия тасымалдаушылар болды – 2022 жылы орта есеппен 34,7%-ға, оның ішінде мазут (+87,0%) және табиғи газ (+64,8%). Электр энергиясының құны 2021 жылмен салыстырғанда 20,1%-ға қымбаттады. Мотор отынының бағасы 26,8%-ға өсті. Германияда азық-түлік 2022 жылы өткен жылмен салыстырғанда 13,4%-ға өскен. Тағамдық тоң майлардың бағасы орташа деңгейден жоғары – 36,2%-ға, сүт өнімдері мен жұмыртқа 19,7%-ға қымбаттады. Ет және ет өнімдері сияқты басқа азық-түлік тауарларының бағасы 14,6%-ға, нан және жарма – 13,5%-ға өсті.
Арнұр Рахымбеков.