Германияда Қазақстан азаматы ұсталды — СІМ ресми сұрау жолдады
АСТАНА. KAZINFORM — Еліміздің Сыртқы істер министрлігі Германияда Қазақстан азаматының заңға қайшы әрекеті үшін ұсталды деген ақпаратқа орай ресми сұрау жолдады.
— Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі бұқаралық ақпарат құралдарында Германия Федеративтік Республикасында Қазақстан азаматының заңға қайшы әрекет жасады деген күдікпен ұсталғаны туралы тараған ақпаратқа байланысты Германияның құзыретті органдарына ресми сұрау жолданғанын хабарлайды. Қазіргі уақытта жауап күтілуде. Мәселе министрліктің бақылауында, — деді ведомстводан.
Бұған дейін Deutsche Welle басылымы Германияның федералды прокуратурасына сілтеме жасай отырып, Берлинде шетелдік арнайы қызмет үшін тыңшылық жасау күдігімен Қазақстан азаматының ұсталғанын жазған еді. Тергеу мәліметіне сәйкес, күдікті өткен жылдың мамырынан Украинаға әскери көмек, Германияның қорғаныс өнеркәсібі туралы ақпараттарды, сонымен қатар әскери нысандар мен техникалардың қозғалысы бейнеленген суреттерді беріп отырған.
Еске салсақ, жақында 10 жылдан астам іздеуде жүрген аса ірі мөлшерде алаяқтық жасаған күдікті Германиядан экстрадицияланғаны белгілі болды. Қазір сотталушы тергеу изоляторына қамалды. Айыпталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.