Германияда қоқыс пен вандализмге қарсы жаңа қызмет құрылды

Фото: BILD

АСТАНА. KAZINFORM — Немістің Хайльбронн қаласында полицияның жаңа бөлімшесі қоқысты заңсыз тастау мен вандализмге қарсы күресетін қызмет іске қосылды, деп хабарлайды BILD. 

Басылым атап өткендей, «қоқыс полициясы» (Waste Watcher) деп аталатын арнайы бөлімше қызметкерлері түнгі уақытта да формада және арнайы формасыз көшелерді патрульдеуге шығады.

Жаңа қызмет мамандарына тергеу жүргізу, қоқыс қалдықтарын қалдырып кеткен кінәлі адамдарды анықтау және құқық бұзған адамдарды оқиға орнында ұстау құқығы берілген. Агрессивті мінез танытқан жағдайда көзден жас шығаратын газ баллондарын қолдану қарастырылған.

— Біздің қызметкерлер қаланың келбетіне нұқсан келтіретін мәселелерге назар аударады. Бұл рұқсатсыз төгілген қоқыс пен граффити. Жобаның басты мақсаты тұрғындар арасында тазалыққа саналы көзқарас қалыптастыру, — деп түсіндірді Хайльбронн мэриясының өкілі.

Қала тұрғындары да тәртіп орнатуға белсенді қатыса алады: құқық бұзған адамдар туралы шағымдарды арнайы Mängelmelder онлайн-платформасы арқылы жолдауға мүмкіндік бар. Бағдарлама әзірге екі жылға есептелген, алайда егер жоба сәтті жүзеге асса, Германияның өзге қалаларында да осындай бөлімшелер құрылуы мүмкін.

Бұған дейін Германияда биологиялық қоқыс контейнерлерін жаппай тексеру басталатыны хабарланған. Елдегі жүзден астам қалдық шығару компаниясы тұрғындардың органикалық қалдықтарды дұрыс сұрыптауын қадағалайтынын мәлімдеген. 

Айта кетелік Алатау қаласында алапат өрт болған қоқыс полигоны жабылған еді