Германияда қолайсыз ауа райынан жүздеген рейс ұшпай қалды

БЕРЛИН. KAZINFORM – Елдің метеорология қызметі Германияның бірқатар амағында толассыз жаңбыр мен қар жауатынын ескертті. Майндағы Франкфурт және Мюнхен әуежайлары жүздеген рейсті тоқтатты, деп хабарлайды DW ақпарат агенттігі.  

Фото: Pixabay

Германияның батысы мен оңтүстігінде аязды жаңбыр мен қалың қар жауған ауа райының күрт нашарлауына байланысты Майндағы Франкфурт пен Мюнхен әуежайлары сәрсенбі, 17 қаңтарда жүздеген рейсті кейінге шегерді.

Осылайша, Франкфуртте жоспарланған 1047 рейстің 570-і тоқтатылды.

Fraport басқарушы компаниясы тоқтатылған рейс жолаушыларынан әуежайға келмеуін сұрады.

Мюнхенде 650 рейстің 250-і тоқтатылды. Техникалық қызмет тәуліктің бірінші жартысында екі ұшу-қону жолағының біреуін мұз жамылғысының пайда болуына жол бермеу үшін үздіксіз өңдеді.

Баден-Вюртемберг федералды жерінде полиция Раштатт, Баден-Баден қалаларында, сондай-ақ А5 автобанында көптеген жол-көлік оқиғалары мен кептеліс болғанын хабарлады.

Француз шекарасына жақын орналасқан Саарбрюккенде тұрғындар күн райының әсерін таңертең сезді: аязды жаңбырдан қала орталығында жаяу жүргіншілер мен көліктер жүре алмай қалған.

Deutsche Bahn теміржол компаниясы сәрсенбі күні таңертең Майндағы Франкфурт пен Кельн арасындағы жүрдек пойыз қатынасындағы алғашқы үзілістер туралы хабарлады.

Компания сондай-ақ жүрдек пойыздар жылдамдығын 200 км/сағ дейін төмендетуге бұйрық берді және аймақтық және қалааралық пойыздардың кешігуі мен мүмкін тоқтатылуы туралы ескертті.

Ел билігі тұрғындарды көлікпен жолға шықпауға және мүмкіндігінше үйде қалуға шақырды. Көптеген аймақтарда мектептегі сабақ та тоқтатылған.