Германияда коронавирусқа қарсы алғашқы вакцинация жасалды

ХАЛЬБЕРШТАДТ. ҚазАқпарат – 26 желтоқсан күні Германияда коронавирусқа қарсы алғашқы вакциналар егілді. Екпені бірінші болып немістің Хальберштадт (Саксония-Анхальт жері) қаласындағы Қарттар үйінің тұрғыны, 101 жастағы Эдит Квойцалла алды, деп хабарлайды «Deutsche Welle» сайты dpa агенттігіне сілтеме жасап.

Әйел процедурада өзін жақсы сезінген. Қарттар үйінің әкімшісі Тобиас Крюгердің айтуынша, бұған дейін округ билігі мекеменің вакцинацияға дайындығын сұраған. «Күтумен өткен әр күн – бұл созумен өткен тағы бір күн», - деп жауап берген ол.

Dpa агенттігінің мәліметінше, вакцинация Қарттар үйінің барлығы 40 тұрғынына және 10 қызметкеріне салынған.

Айта кетейік, Германияда вакциналау кампаниясы ресми түрде 27 желтоқсанда басталады.

Сенбі, 26 желтоқсанда Германияның әр түкпіріндегі Вакцинация орталықтарына және осы мақсат үшін жасақталған мобильді командалар арасында бірнеше ондаған доза препарат таратылған болатын. Екпе алдымен 80-нен асқан тұлғаларға, ауруханалардың медициналық персоналына және қарттарға күтім күтушілерге егілуі тиіс.