Германияда мал ұрлығы көбейіп, фермерлер шығынға ұшырап жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Германияда мал ұрлығы фермерлер үшін елеулі мәселеге айналып отыр: кейде бір түннің ішінде тұтас табындар жоғалып кетеді. Тергеушілер мұның артында шетелден келген кәсіби қылмыстық топтар болуы мүмкін деп күдіктенеді, деп хабарлайды euronews.

Фото: ҚР АШМ

Жақында Бранденбург федералдық жеріндегі Жоғарғы Шпревальд-Лаузиц округіне қарасты Раддуш елді мекеніндегі фермер жұма күні таңертең полицияға оның жайылымнан 48 ірі қара малының толықтай ұрланғанын хабарлаған. Келтірілген шығын шамамен 75 мың еуроға бағаланып отыр.

Осыдан небәрі 14 күн бұрын Бранденбургтегі Эльба-Эльстер округінің Херцберг маңында белгісіз адамдар 74 ірі қараны ұрлап кеткен. Қылмыс орнында жүк көлігінің іздері табылған.

Ал сәуір айында дәл осы Эльба-Эльстер округінің Фалькенберг қаласында асыл тұқымды фермадағы 69 бұзау жоғалып кеткен. Тергеушілердің мәліметінше, қылмыскерлер ферма аумағына шалғай жол арқылы кіріп, шамамен 40 тонналық жүк көлігімен қораға тікелей жақындаған. Олар үш пен алты ай аралығындағы ұрғашы бұзауларды таңдап, 69 малды көлікке тиеп әкеткен.

Ұйымдасқан қылмыстық топтар күдікке ілініп отыр

Германияда қой, ірі қара, қаз, тіпті ара ұяларын ұрлау жағдайлары жиілеп келеді. Әсіресе елдің шығыс аймақтарында ірі көлемдегі мал ұрлығын ұйымдасқан топтар жасайды деген күдік күшейген.

Тергеушілердің айтуынша, бұл — кәсіби түрде жоспарланған қылмыстар. Қылмыскерлер түнгі уақытта әрекет етеді. Малдың шығу тегін жасыру үшін құлақтағы сәйкестендіру белгілері алынып тасталады немесе жалған таңбалармен ауыстырылады.

Кей жағдайларда малды тиеу кезінде оларды тыныштандыру үшін дәрі-дәрмек (седативтер) қолданылғаны да анықталған.

«Фермадағы қылмыс» фермерлерге ауыр салмақ түсіріп отыр

Ауылдық жерлердегі қылмыс деңгейінің өсуі қазір «ферма қылмысы» деген ұғыммен біріктіріліп жатыр. Мал ұрлығынан бөлек, фермерлер қымбат ауыл шаруашылығы техникасы мен тракторлардағы GPS жүйелерінің ұрлануынан да зардап шегіп келеді.

Кей федералдық жерлерде (мысалы, Төменгі Саксония мен Мекленбург–Алдыңғы Померанияда) қылмыс саны өсіп отырса, Шлезвиг-Гольштейнде соңғы уақытта аздап төмендеу байқалғанымен, деңгейі әлі де жоғары.

Бұған дейін NDR телеарнасы «Фермадағы қылмыс орны: ауылдық жердегі ұрлық» атты репортажында Германияның солтүстігіндегі фермерлердің жартысынан астамы ұрлықтан зардап шегетінін хабарлаған. Малдан бөлек, өнімдер мен ауыл шаруашылығы техникалары да ұрланады.

Фермерлер сақтық шараларын күшейтпек

Көптеген шаруашылық қосымша қауіпсіздік шараларын енгізіп жатыр. Олардың қатарында бейнебақылау орнату, қораларды жарықтандыруды күшейту және фермерлер арасында WhatsApp сияқты желілер арқылы жедел ақпарат алмасу бар. Бұл күдікті жағдайларды тез хабарлап, ұрлықтың алдын алуға көмектеседі.

Германияда ауыл шаруашылығы жануарлары орталықтандырылған түрде тіркелетіндіктен, полиция ұрланған малдың көп бөлігі Шығыс Еуропа елдеріне немесе Еуроодақтан тыс мемлекеттерге шығарылуы мүмкін деп күдіктенеді. Заң бойынша жануарларды тасымалдау шекарадан өткенде тексерілуі тиіс, бірақ кей жағдайда олар рұқсатсыз жабық жүк көліктерімен жасырын түрде тасымалдануы мүмкін.

Бұдан бұрын Алматы облысында 43 мал ұрлаған барымташылар ұсталғанын жаздық.