Полицияның мәліметінше, түске қарай қаланың әртүрлі бөлігінде шамамен 5 мың адам жиналған. Ең ірі шеру Рёмерберг алаңы мен Остпарк саябағында өтті. Жалпы іс-шараларға 30 мыңға дейін адам қатысады деп жоспарланған.
Шерулер Германияның Фридрих Науман атындағы қоры табыстайтын «Бостандық үшін» сыйлығын беру рәсіміне орай ұйымдастырылды. Биыл бұл марапат бостандық, демократия және адам құқықтарын қорғауға ұмтылған Иран халқына берілді.
Марапаттау рәсімі Франкфурттегі Әулие Павел шіркеуінде өтті. Иран халқының атынан сыйлықты 1979 жылғы Ислам революциясы кезінде тақтан тайдырылған Иранның соңғы шахы Мұхаммед Реза Пехлевидің ұлы Реза Пехлеви алды.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Пехлеви бір күні бұл марапатты Тегеранда Иран халқының өкілдеріне табыстауға ниетті екенін айтты. Сондай-ақ елдегі демократиялық өзгерістерді қолдайтынын жеткізді.
Алайда марапаттың Пехлеви арқылы табысталуы қоғамда әртүрлі пікір туғызды. Сыншылар оның Иран оппозициясындағы барлық саяси күштердің атынан өкілдік етпейтінін айтады. Ал жақтастары Пехлевиді Тегерандағы қазіргі билікке қарсы танымал тұлғалардың бірі деп санайды.
Шерулер кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Франкфурт полициясы қосымша күш жұмылдырды. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, заңсыз әрекеттерге дайындық болуы мүмкін деген ақпараттан кейін бір адам ұсталды.
Бұған дейін дипломатиялық келіссөздер аясында АҚШ Иранға жаңа соққылар жасағаны хабарланған еді.