Германияда Освенцимнің бұрынғы үш қарауылы сот алдында жауапқа тартылмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Германия полицейлері Освенцим нацистік концлагерінде қарауыл болып жұмыс істей жүріп, адамдарды өлтіруге қатысқан деген күдікпен егде жастағы үш ер адамды ұстаған.

Қазір жастары 88,92 және 94-ке жеткен күдіктілер Освенцимдегі адам өлтіру оқиғаларына қатысы бар деп айыпталып отыр. Ұсталғандар Вюртембергтегі түрме ауруханасына жеткізілді.

Өткен жылдың күзінде Германияның сот билігі Освенцим концлагерінің бұрынғы 30 қарауылы сот алдында жауап берулері тиіс деген болатын.

Осы істі басқаратын Баден-Вюртемберг федералдық аумағының Әділет министрлігі аталмыш концлагерде жұмыс жасаған 49 қарауылдың ісі қаралғанын, олардың 30-ы жауапкершілікке тартылулары тиіс екендігін мәлімдеген.

Екі жыл бұрын Мюнхен соты бұрын осы өлім лагерінде жұмыс істеген күзетші Иван Демьянюкті адамдарды өлтіргені үшін кінәлі деп тапқан. Демьянюк Польшадағы Собибор концлагерінде 28 мың еврейді ажал құштырған деп айыпталды.