Германияда өткен жазғы Универсиаданы жерлестеріміз сегіз медальмен аяқтады

Фото: ҰОК

АСТАНА. KAZINFORM —  Германияда XXXII жазғы Универсиада ойындары өз мәресіне жетті. Аталған дүбірлі додада қазақстандық таеквондошылар ерекше көзге түскен болатын. Бұл туралы ҰОК мәлім етті.

Бұл жарыста жерлестеріміз сегіз медальға қол жеткізді. Құрама сапында жалғыз алтын медальді Самирхон Абабакиров иеленді. Осылайша Қазақстан құрамасы өз тарихындағы ең үздік көрсеткішін тіркеді.

Таеквондо жарыстары 17-23 шілде аралығында ұйымдастырылды. Аталған спорт түрі бойынша сайыстар Германияның Эссен қаласында өтті. Жалпы ерлер, әйелдер және командалық, аралас командалық сындар бойынша 24 медаль жиынтығы сарапқа салынды.

Қазақстан құрамасы алғашқы күннен-ақ сәтті өнер көрсетті. Нәтижесінде сегіз медальға қол жеткізді. Оның біреуі алтын. Ал қалғаны қола медаль.

Фото: ҰОК

Жекелей сайыста қола медаль иеленгендер: Дамир Шуленов (68 келіге дейін), Нодира Ахмедова (49 келіге дейін), Тамирлан Тілеулес (58 келіге дейін), Батырхан Төлеуғали (80 келіге дейін), Бейбарыс Қаблан (87 келіден жоғары). Командалық сайыста әйелдер құрамасы жарыстың жартылай финалына дейін жетіп, қола медаль еншіледі. Сонымен қатар аралас командалар арасындағы айқаста да отандастарымыз жеңіс тұғырының үшінші сатысынан көрінді.

Ал құрамадағы жалғыз алтын медальді 63 келіге дейінгі салмақта Самирхон Абабакиров жеңіп алды. Қазақстандық таеквондошы финалға дейін жетіп, Түркия елінің өкілін жеңді.

Отандасымыз жарыстан кейін Olympic.kz сайтына сұхбат берген болатын. Ол жарысқа дейінгі дайындығы мен алдағы мақсаттары жайлы айтып берді.

— 2024 жылғы Олимпиададан кейін өзімнің жеке бапкерім Нұрсұлтан Мамаевпен бірге дайындалдым. Жалпы дайындық жұмыстары жақсы өтті. Сонымен қатар бұған дейін жіберген қателіктерді талдап, солармен жұмыс істедік, — деді спортшы.

Одан бөлек, Самирхон Абабакиров Универсиада алдындағы турнирлерге не үшін қатыспағанын айтты.

Фото: ҰОК

— Универсиада алдындағы турнирлерге жарақатыма байланысты қатыса алмадым. Оқу-жаттығу жиындарына да баруға мүмкіндік болмады. Соған қарамастан жарақатымды толық емдеп, жеке бапкеріммен жоспарлы түрде дайындық жүргіздім. Қазір барлығы жақсы. Кішкене ем-дом шараларын жүргізіп, әрі қарай жаттығуға кірісетін боламын, — деп бөлісті Самирхон Абабакиров.

Ендігі ұлттық құраманың басты мақсаты Қытайда өтетін әлем чемпионаты екені сөзсіз. Осыған байланысты Универсиаданың алтын жүлдегері Самирхон қазіргі деңгейі және алдағы жоспарлары жайлы айтып берді.

— 2024 жылғы Олимпиадамен салыстырғанда қазір өз-өзіме деген сенімділігім артты. Шынайы спорттық бабымда келе жатырмын деуге толық негіз бар. Алдағы басты мақсатым — Қытайда өтетін әлем чемпионатында топ жару. Сонымен қатар 2028 жылғы Олимпиада ойындарында Қазақстанға тарихи алтын медаль сыйлау, — деп қорытты Самирхон Абабакиров.

Еске сала кетейік, Малайзияның Кучинг қаласында өтіп жатқан таэквондодан жастар арасындағы Азия чемпионатының алғашқы жарыс күнінде Қазақстан құрамасының спортшылары жеті медаль алды.