Германияда сал ауруына шалдыққандарға көмектесетін нейрочип сынақтан өткізілді

АСТАНА. KAZINFORM – Неміс нейрохирургтері миды электрлік ынталандыру арқылы тактильді сезім тудыратын жаңа буын нейрокомпьютерлік интерфейсін сәтті сынақтан өткізді, деп хабарлайды DW .

Фото: Ақмола облысының әкімдігі

Сынақ Мюнхен техникалық университетінің клиникасында ми ісігін алып тастау операциясы кезінде жүргізілді. Науқас әйел ота барысында есін біліп жатқан. Бұл дәрігерлерге электр импульстеріне оның реакциясын бақылауға мүмкіндік берді.

Эксперимент кезінде мидың беткі қабатына 512 микроэлектродтан тұратын құрылғы уақытша орналастырылды. Сынақ барысында әйел пайда болған сезімдерді дәл сипаттап, оларды біреудің қол тигізуі мен шаншу сезіміне ұқсатқан. Зерттеу аяқталғаннан кейін құрылғы алып тасталды.

Нейроинтерфейсті америкалық кәсіпкер Илон Масктың Neuralink компаниясымен бәсекелесуді көздейтін германиялық Futrue Neurosciences компаниясы әзірлеген. Технологияның ерекшелігі – электродтар ми тіндеріне енбей, оның беткі қабатына орналастырылады.

Әзірлеушілердің болжамынша, болашақта бұл құрылғы сал ауруына шалдыққан адамдарға роботтандырылған механизмдерді басқаруға және сыртқы әсерлерді сезінуге мүмкіндік береді.