Германияда саяхат кемесі апатқа ұшырады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Германияда саяхат кемесі көпірге соғылып, апатқа ұшырады. Негізгі соққы капитан мұнарасына тиіп, толығымен қираған. Экипаждың екі мүшесі қаза тапты, деп хабарлады www.24.kz.

Ереже бойынша кеме көпір астымен өткенде капитан мұнарасын төмен түсіруі тиіс. Алайда белгісіз бір себеппен экипаж осы міндетті орындамаған. Апат Бавария жерінде болған. Эрланген қаласынан Будапештке бағыт алған кеме Рейн-Майн-Дунай канал бойымен жүрген. Ішінде экипаждың 49 мүшесі мен 181 жолаушы бар. Олардың дені - зейнеткерлер. Жергілікті полицияның хабарлауынша, құтқару қимылдары төрт сағат бойы жалғасқан.

«Кеме теміржол көпірін соққан. Оқиға орнына 220 құтқарушы мен өрт сөндіруші жетті. Алайда экипаждың екі мүшесін құтқара алмадық. Денелерін шығару үшін өрт сөндірушілер ауыр техника қолданған. Қазіргі сәтте 181 жолаушы мен экипаждың 47 мүшесі қауіпсіз жерге шығарылды. Оларды қонақүйлерде жайғастырып, қажетті көмегін беріп жатыр. Осы канал бойымен қозғалыс  уақытша тоқтап қалды», - деді Орталық Франкония полициясының хатшысы Михаэль Петцолд.