Германия Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 25 қыркүйектегі жағдай бойынша елде баспана беру туралы 3 345 алғашқы өтініш тіркелген.
Салыстырмалы түрде, былтыр қыркүйекте мұндай өтініштердің саны 9 126 болған еді. Осылайша, көрсеткіш бір жыл ішінде 65%-ға төмендеген.
Германияның федералдық ішкі істер министрі Александр Добриндт бұл көрсеткіштерді елдің көші-қон саясатының өзгеруімен байланыстырады.
— Бақылауды күшейтіп, нақты бағыт ұстанып, батыл шаралар қабылдаудың арқасында мигранттар ағынын едәуір азайтып жатырмыз. Осылайша муниципалитеттерге түсетін жүктемені айтарлықтай төмендетіп жатырмыз, — деді Александр Добриндт.
Енді Германия ІІМ басшысы өзінің көші-қон саясатын Еуропа деңгейінде ілгерілетуді көздеп отыр. Добриндттың шақыруымен Мюнхенде Еуропаның 17 елінің ішкі істер министрі бас қосады. Кездесуде Еуроодақтың сыртқы шекараларын қорғауды күшейту және мигранттарды шыққан елдеріне қайтару үдерісін жеделдету мәселелері талқыланбақ.
Айта кетейік, Еуропалық одақ соғыс пен түрлі апаттан зардап шеккен адамдарға гуманитарлық көмек көрсету үшін 700 млн еуродан астам (353 млрд теңгеден астам) қаржы бөледі.