Германияда соғыстан қалған бомбаға байланысты 1,6 мың адам эвакуацияланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Германияның Фрайбург қаласында Екінші дүниежүзілік соғыстан жарылмай қалған бомбаны мамандар залалсыздандырмақ. Осыған байланысты 1,6 мың қала тұрғыны қауіпсіз жерге шығарылды.

DPA агенттігінің ақпаратына сүйенсек, бейсенбі күні 500 келілік бомба табылған. Жексенбі жергілікті уақытпен сағат 8.00-ге дейін университеттік клиника маңындағы қызметкерлер мен осы маңдағы тұрғындар ғимараттардан шығарылды. Мамандар залалсыздандыру бойынша шараны жергілікті уақытпен 11.00-де (Астана уақытымен 16:00) бастайды.

Жыл сайын Германияда шамамен 5,5 мың жарылғыш заттар залалсыздандырылады. Соғыс кезінде Германияға барлығы 2 миллионнан астам авиабомба тасталды, шамамен 5% - 100 мыңға жуығы жарылмады, деп жазды РИА Новости .
Ең көп бомба Берлинге (68 мың тоннадан астам), Гамбургке (45 мың тонна), сонымен қатар Рур маңына (шамамен 162 мың тонна) тасталды.