Бұл көлем Боден көліндегі су қорының жартысынан көбіне немесе шамамен 10 млн олимпиадалық бассейнге тең. Зерттеушілердің мәліметінше, бұл көрсеткішке 2026 жылғы ыстық жаздың салдары әлі енгізілген жоқ.
Ғалымдар су көлемін анықтау үшін жер бетіндегі және жер астындағы су қорын өлшейтін GRACE Follow-On спутниктік миссиясының деректерін пайдаланған.
Зерттеу нәтижесі Германияда 2015 жылдан бері алдыңғы 15 жылмен салыстырғанда құрғақ кезеңнің күшейгенін көрсетті. Әсіресе жерасты суларының азаюы алаңдатып отыр. Зерттеушілер ұзақ мерзімді су қорының кемуіне негізінен осы фактор әсер етіп отырғанын атап өтті.
2024 жылы мол жауын-шашыннан кейін жағдай уақытша жақсарғанымен, кейін су қоры қайтадан күрт төмендеген. 2025 жылдың жазында су қоры спутниктік бақылаулар басталғалы бері бұрын-соңды болмаған деңгейде азайған.
2026 жылғы маусымда су тапшылығы 25 млрд тоннаға жетті. Салыстыру үшін, Боден көлінде шамамен 48 млрд тонна су бар.
Су қорының азаюы әсіресе Германияның оңтүстігі, оңтүстік-батысы және шығысында байқалған. Ал Солтүстік теңізге жақын орналасқан солтүстік-батыс өңірлерде жағдай біршама тұрақты.
Ғалымдардың болжамынша, жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болған күннің өзінде су қоры жыл соңына дейін қалпына келмеуі мүмкін.
Жоғары температура топырақ пен су айдындарындағы судың булануын күшейтеді. Сонымен қатар өсімдіктер де атмосфераға көбірек ылғал бөледі. Бұл факторлар су тапшылығын одан әрі ушықтыруы ықтимал.
Айта кетейік, бұған дейін Дунайдың тартылуы салдарынан Румыния жалғыз АЭС-ін тоқтатқан еді.