Германияда тегін азық-түлік тарататын пункттерге келетіндердің 30 пайызы – балалар
АСТАНА. KAZINFORM - Германияда тегін азық-түлік тарататын пункттердің қызметін пайдаланатындардың шамамен 30 пайызы – балалар. Бұл туралы Tafel Deutschland волонтерлік ұйымының деректеріне сүйеніп DW хабарлады.
Қазіргі уақытта Германия аумағында Tafel Deutschland ұйымына қарасты 970-тен астам тегін азық-түлік тарату пункті жұмыс істейді. Олардың қызметін шамамен 1,5 млн адам пайдаланып отыр. Ұйым басшысы Андреас Штеппунның айтуынша, келушілердің 20 пайызы 63 жастан асқан азаматтар болса, 30 пайызға жуығы 18 жасқа толмағандар.
– Өткен жылмен салыстырғанда балалар санының аздап артқаны бізді алаңдатады, – деді ол.
Ұйым өкілдерінің мәліметінше, Германияда жалдау ақысының және азық-түлік бағасының өсуі көптеген отбасылардың ай сайынғы табысын азайтып отыр. Соның салдарынан тегін азық-түлік пункттерінің шамамен үштен бірінде кезек күту тізімдері сақталған немесе жаңа клиенттерді қабылдау уақытша тоқтатылған.
Сонымен қатар тегін таратылатын азық-түлік көлемі де азайып барады. Tafel Deutschland дерегінше, 2025 жылы елде шамамен 265 мың тонна тағам қалдықтары жойылудан сақталған.
Алайда бөлшек сауда желілерінен артық өнім алу барған сайын қиындап келеді. Ұйым бұл үрдісті ірі сауда желілерінің жасанды интеллектіні кеңінен қолдануымен байланыстырады. Нәтижесінде артық қалған азық-түлік көлемі азайған.
2025 жылы тегін азық-түлік тарату пункттерінде барлығы 77 мыңға жуық адам жұмыс істеген, оның ішінде 72 мыңы – еріктілер. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда сәл артқанымен, ұйым басшысы кадр тапшылығы мәселесі әлі де өзекті екенін атап өтті.
Андреас Штеппунның айтуынша, болашақта азық-түлік қалдықтарын азайту және қайырымдылықты ынталандыру үшін, өнімді садақаға беру оны жоюдан арзан болуын қамтамасыз ететін заң қабылдау қажет.
Айта кетейік, Германияда орташа жалақы өсті, бірақ өңірлік айырмашылық 30%-ға жетті.