Германияда төл ойынымыз - тоғызқұмалақтан жарыс өтті (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Төл ойынымыз - тоғызқұмалақтан 23-24 шілде күндері Германияның Швайнфурт қаласында Еуропа чемпионаты өтті. Бұл туралы Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.

Аталған біріншілікте Германия, Франция, Грекия, Швейцария, Испания, Ресей, Чехия және тағы басқа оннан аса мемлекеттің спортшылары өзара мықтыларды анықтады.

Бұл бәсекеде спортшылар швейцар жүйесі бойынша, ерлер мен әйелдер арасында жеке-жеке сынға түсті.

Еуропа чемпионатының ашылуына Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Байменов пен Қазақстан Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов, Швайнфурт мэрі Карл Хайнц Каучок қатысты.

Еуропа чемпионаты барысындағы халықаралық турнирге Қазақстан Ұлттық құрама командасы мүшелері де қатысып, шетелдік спортшылардың шеберлігін арттырып, тәжірибе жинақтауына көмек қолдарын созды. Жарысқа негізінен Еуропа елдерінде тұрып жатқан жергілікті тоғызқұмалақ әуестенушілері қатысты.

Осы біріншілік барысында, ұлттық ойынды халықаралық деңгейде одан әрі дамыту мәселелері де кеңінен талқыланды. Алдағы уақытта тоғызқұмалақтан  Азия чемпионаты өтеді. Бұл бәсекені ұйымдастырып өткізуге Қытай өкіметі ұсыныс жасап отырған көрінеді.

Қазіргі таңда Қазақстанда  тоғызқұмалақпен айналысатындардың саны 200 мыңнан асады. Осыған қарап, елімізде төл ойынымыз жақсы дамып келе жатқанын байқауға болады.