Германияда төтенше жағдайларға арналған мемлекеттік газ қоры құрылмақ

АСТАНА. KAZINFORM – Германияның Экономика және энергетика министрлігі төтенше жағдайлар кезінде пайдаланылатын мемлекеттік газ қорын құру жоспарын әзірледі, деп хабарлайды DW .

Фото: DW

Жобаны қаржыландыруға 1 миллиард еуродан астам қаражат жұмсалады. Бұл шығындар газ тұтынушыларынан алынатын арнайы алым есебінен өтеледі.

Мемлекеттік газ қоры қыс мезгіліндегі маусымдық сұранысты жабуға арналмаған. Оның негізгі мақсаты – инфрақұрылымға жасалатын диверсиялар немесе әлемдік газ тапшылығы сияқты төтенше жағдайларда елдің энергия қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Алдын ала есеп бойынша, қор көлемі шамамен 24 тераватт-сағат газ. Бұл Германиядағы газ қоймаларының жалпы сыйымдылығының 10 пайызынан сәл аз. Мұндай көлем импорттық инфрақұрылымдағы ірі нысанның жұмысы 30 күнге тоқтаған жағдайда газбен қамтуды сақтауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ бұл қор сұйытылған табиғи газ импортының 40 күнге тоқтауын өтеуге немесе қатты аяз жағдайында тұрғындар мен коммерциялық тұтынушыларды 10 күн бойы газбен қамтамасыз етуге жеткілікті болады. Қалыпты қыс жағдайында қор шамамен 18 күнге жетеді.

Газ қорын құруға, газ сатып алуға және оны қоймаларға айдауға 1,2–1,5 миллиард еуро жұмсау жоспарланған. Қаражат 2027–2028 жылдары бөлінеді. Жыл сайынғы пайдалану шығындары 150–180 миллион еуро.

Германия үкіметі бұл мәселе бойынша ресми шешімді тамыз айының ортасында қабылдауды жоспарлап отыр. Егер Бундестаг ұсынысты қыркүйек айының соңында мақұлдаса, мемлекеттік газ қорын құру туралы шешім 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енуі мүмкін.

Сонымен қатар Германиядағы газ қоймалары жыл сайын 1 қарашаға дейін кемінде 80 пайызға толтырылуы тиіс. Ал Еуропалық одақ талаптарына сәйкес, жылыту маусымы басталғанға дейін газ қоймаларындағы қор шамамен 90 пайыз деңгейінде болуы қажет.