Германияда тұмауға қарсы вакцина тапшылығы байқалып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Германияда тұмауға қарсы вакцина жеткізілімінің кешігуіне байланысты кейбір медициналық мекемелерде екпе тапшылығы туындады. Бұл туралы Германияның жалпы практика дәрігерлері қауымдастығының төрайымы Никола Булингер-Гёпфарт мәлімдеді.

Фото: Abadolu

Вакцина тапшылығы елде тұмауға қарсы жаппай екпе салу науқаны жүріп жатқан кезеңде байқалған.

Қауымдастық басшысының айтуынша, кейбір дәрігерлік кабинеттерге вакциналар белгіленген мерзімнен едәуір кеш жеткізілген немесе тапсырыс берілген мөлшерден аз келген. Әсіресе 60 жастан асқан адамдарға арналған препараттарға қатысты қиындықтар туындап отыр.

Осыған байланысты дәрігерлер қолда бар вакциналарды іздеп, дәріханаларға хабарласуға мәжбүр. Ал кейбір науқастар жоспарланған екпе уақытын кейінге шегерген.

– Бұл вакцинация науқанын жүргізуге айтарлықтай кедергі келтіріп отыр. Оның үстіне халықтың екпемен қамтылу деңгейі онсыз да тым төмен, – деді Никола Булингер-Гёпфарт Augsburger Allgemeine басылымына берген сұхбатында.

Германияның Пауль Эрлих институты биыл вакцина партияларын тексеру және айналымға шығару жұмыстары әдеттегіден кеш басталғанын растады.

Бұған өндірушілер тарапынан жеткізілімнің кешігуі себеп болған. Атап айтқанда, вакцина құрамындағы тұмау вирусының үш штамын да жаңарту қажеттілігі өндіріс процесін баяулатқан.

Соған қарамастан институт өкілдері ел көлемінде жаппай вакцина тапшылығы жоқ екенін атап өтті. Қараша айының басына дейін Германияда 20,2 млн доза вакцина айналымға шығарылған.

Мамандардың пікірінше, сұраныс жоғары болған жағдайда жекелеген өңірлерде уақытша тапшылық туындауы мүмкін.

Германияның федералдық фармацевтер бірлестігі де жағдайды аса күрделі деп бағаламайды. Ұйым мәліметінше, вакциналар жалпы алғанда жеткілікті көлемде жеткізіліп жатыр. Дегенмен кейбір дәріханаларда препарат уақытша болмауы мүмкін.

Ал жалпы практика дәрігерлері мәселенің бір себебі вакциналарға алдын ала тапсырыс беру жүйесінде екенін айтады.

Медициналық мекемелер екпе маусымы басталғанға дейін шамамен тоғыз ай бұрын тапсырыс беруге міндетті. Алайда сол кезде нақты сұранысты болжау қиын.

Егер вакцина шамадан тыс көп тапсырыс берілсе, қаржылық тәуекел туындайды. Ал тапсырыс көлемі жеткіліксіз болса, қосымша препаратты жедел алу қиынға соғады.

Роберт Кох институтының ұсынымдарына сәйкес, тұмауға қарсы екпені қазан айынан желтоқсанның ортасына дейін салдырған жөн. Бұл маусымдық аурушаңдық шарықтау шегіне жеткенге дейін иммунитет қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда маусымдық тұмауға қарсы вакцинациялау науқаны басталып, халықты тегін егу үшін 2,1 млн доза вакцина сатып алынғаны хабарланған еді.