Халемба парламент мүшесі ретінде иммунитет алуына бірнеше сағат қалғанда қамауға алынды.
Ол биыл Бавария парламентіне сайланған «Германия үшін балама» (AfD) оңшыл партиясының 32 мүшесінің бірі еді.
Жалпы AfD — осы елдегі ең ірі оппозициялық партия.
Қыркүйек айында Вюрцбург полициясы Халембаның студенттік қауымдастығына рейд жүргізді. Өйткені көршілері Германияда Екінші дүниежүзілік соғыстан бері тыйым салынған нацистік «Зиг Хайль» сәлемін естідік деп шағымданған.
Полицейлер көршілердің айтқаны расталғанын, рейд барысында заңсыз материалдар табылып, тәркіленгенін айтты.
Халембаны тұтқындауға ордер жұма күні шығарылды және ол дүйсенбі күні таңертең Баден-Вюртембергтегі Штутгарт маңында ұсталды.
Қазір ол үкіметке қарсы үгіт жүргізді және Германияда тыйым салынған нацистік рәміздерді сақтады деген күдікпен тергеліп жатыр.
«Олар мені мүлдем заңсыз ордермен қамауға алғысы келді», — деді Халемба қамауға алынар алдында әлеуметтік желіде жариялаған видеосында.
Оның адвокаты Дубравко Мандич де клиентіне тағылған айыптардың ешбір негізі жоқ деп мәлімдейді.
Ал Бавария парламентіндегі AfD фракциясының жетекшісі Катрин Эбнер-Штайнер Халемба саяси себептермен қудаланып жатқанын айтты.
Көбіне иммиграцияға және сонымен бірге Украинаға қолдау көрсетуге қарсы AfD соңғы жылдары сайлауда көп дауыс жинап, сауалнамада үнемі екінші орында келеді.