Германиядағы қылмыс деңгейі: ел қаншалықты қауіпсіз?

Фото: Boris Roessler

АСТАНА. KAZINFORM — Әлеуметтік желілерде оңтүстікафрикалық-неміс блогер Курт Кац түсірген бейнеролик көп талқыға түсті. Ол Франкфурт-на-Майндағы басты вокзал маңында нашақорларды, үйсіздерді және агрессия көріністерін көрсеткен. 

Көптеген пікірлерде ксенофобиялық реңк байқалды. Блогердің айтуынша, мұндай жағдай — бүкіл Германияның шынайы бейнесі.

Алайда сарапшылар бұл пікірмен келіспейді. Deutsche Welle-ге сұхбат берген криминолог Зузанне Карштедттың айтуынша, мұндай аймақтар барлық елдерде кездеседі, ал Германиядағы жалпы жағдай қауіпсіз саналады.

— 1980-1990 жылдардан бері қылмыс деңгейі айтарлықтай төмендеді. Германия — өте қауіпсіз елдердің бірі, — деді ол.

Статистикаға сүйенсек, кісі өлтіру көрсеткіші бойынша Германия әлемде 147-орында тұр: 100 мың тұрғынға шаққанда 0,91 жағдай. Салыстыру үшін: АҚШ-та бұл көрсеткіш 6-ға жуық, ал Оңтүстік Африкада 40-тан асады.

Дегенмен соңғы жылдары елде кейбір қылмыс түрлері, әсіресе зорлық-зомбылық сипатындағы қылмыстардың артуы байқалады. Сарапшылардың айтуынша, қылмыстардың басым бөлігін жастар, соның ішінде мигранттар жасайды.

— Көпшілігі елге отбасынсыз келеді, қоғам тарапынан бақылаусыз өмір сүреді. Олардың көбі соғыс қасіретін бастан кешкен, — деді Зузанне Карштедт.

Оның пікірінше, табысты интеграция қылмыс деңгейін айтарлықтай төмендетуге ықпал етеді.

Сонымен қатар полиция мен зерттеушілер «қараңғы аймақ» ұғымын қолданады. Бұл ресми тіркелмеген қылмыстарға қатысты. Мұндай деректер аз хабарланған жағдайда жалпы қылмыстың объективті бейнесін құру қиындай түседі.

Айта кетейік, Германияда қоқыс жәшіктерін жаппай тексеру басталады.