Өрт туралы алғашқы хабарлама дүйсенбі күні түскен. Осы уақыт ішінде билік жақын маңдағы бірнеше ауылдың тұрғындарын бірнеше рет эвакуациялады.
Өрттің кең таралуына ұзақ уақыт бойы жауын-шашынның болмауы әсер етіп отыр. Бұған қоса, батыстан соққан жел жалынның күшеюіне себеп болуда. Мамандардың болжамынша, демалыс күндері тілсіз жау шығыс және оңтүстік-шығыс бағытта одан әрі таралуы мүмкін.
– Өртті сөндіру жұмыстары бұл аумақта бұрынғы кеңестік әскери полигонның орналасуына байланысты күрделеніп отыр. Себебі жарылмай қалған оқ-дәрілердің қаупі әлі де сақталған. Сондықтан өрт сөндірушілер негізінен арнайы техника кіре алатын әрі құтқарушылар үшін қауіпсіз саналатын шығыс бөлікте жұмыс жүргізіп жатыр, – деп жазды басылым.
Мюриц ұлттық саябағының аумағы 322 шаршы шақырымды құрайды. Оның басым бөлігін қарағайлы орман алып жатыр. Сондай-ақ саябақ аумағында 107 көл, оның ішінде Мюриц көлінің бір бөлігі орналасқан.
1945-1993 жылдар аралығында қазіргі қорықтың бір бөлігі Кеңес армиясының әскери полигоны ретінде пайдаланылған.
Айта кетейік, бұған дейін Германиядағы аптап ыстықтан 5 мыңнан астам адам көз жұмғаны хабарланған болатын.