АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 305-ракеткасы Тимофей Скатов Бонн (Германия) челленджер турнирінің 1/8 финалына өтті.
Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда отандасы, әлемдік рейтингіде 221-орындағы Дмитрий Попкомен шеберлік байқасты.
Осыған дейін қарсыластар өзара бір рет кездесіп, онда Скатов 6:4, 6:4 есебімен ұтқан еді.
Бұл жолы да Т.Скатов 6:2, 7:5 есебімен басым түсті. Бір сағат 37 минутқа созылған бәсекеде ол 2 эйспен бірге 5 брейк-пойнттан шашау шығармады. Попко 8 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың тек екеуін пайдаланды.
Тимофей Скатов ширек финалға шығу үшін әлемнің 188-ракеткасы, ливандық Бенджамин Хассан немесе рейтингіде 260-сатыдағы румыниялық Филип Кристьян Жьянудың қай жеңгенімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында ел құрамасы кімдермен ойнайтынын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).