Германиядағы диоксин жанжалы ЕО Кеңесі отырысының басты тақырыбына айналмақ

АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат - Германиядағы Диоксин жанжалы дүйсенбі күні ЕО Кеңесінің ауылшаруашылығы және балық шаруашылығы министрлерінің деңгейіндегі жоспарлы отырысында басты тақырыпқа айналмақ.

ЕО Кеңесі баспасөз қызметінің өкілі хабарлағандай, министрлер қазіргі дағдарыстан сабақ алуға ниетті, деп ақпарат таратады «Вести.ру» порталы.

«Атап айтқанда, мал шаруашылығы өнімдерінің сапасын бақылауды жақсарту мүмкіндіктері жөнінде пікір алмасып, сонымен қатар мал азығы өндірісінің нормаларын сақтауды қатаңдатудың келешегі талқыланбақ», -деп атап өтті ол.

Германия мал шаруашылығы өнімдерінде диоксин нормасы белгіленгеннен көп мөлшерде болуына байланысты бұл жанжал ЕО-та соңғы он жылда төртінші рет қайталанып отыр. Осыған ұқсас жағдай 2003 жылы Германияда, 2006 жылы Белгияда және 2008 жылы Ирландияда орын алған. Еурокомиссия сарапшыларының бағалауынша, диоксин жанжалына сапасыз жем қоспалары себеп болып отыр.

Ай басталғаннан бастап еуропалық сарапшылар Германиядағы 600 мал шаруашылығын тексеріп, диоксин нормасын мөлшерден асырып жіберген сегіз ферманы анықтаған. Еурокомиссия бүлінген ет үшінші мемлекеттің нарығына түскен жоқ деп есептейді.