Бұл туралы Германияның сауда-өнеркәсіп палатасы бірлестігінің болжамына сілтеме жасап неміс БАҚ-тары хабарлады.
Келтірілген цифрларға қарамастан, сауда-өнеркәсіптік палатасының өкілдері бүгінгі күні келтірілген зиянның нақты мөлшерін атауға мүмкіндік беретін оқиғалардың толық бейнесін белгілеу мүмкін емес екендігін айтады.
Дегенмен, Магдебург ауданында Эльба өзенінің деңгейі бүгін жаңа рекорд орнатып, жеті метрге жетті. Сарапшылардың айтуынша, бұл ауданда су тасқыны әлі шырқау биігіне көтерілген жоқ, ол деңгейге шамамен жексенбі күні жетуі мүмкін. Саксония-Анхальт федералдық жерінің әкімшілік орталығында және оның айналасында мыңдаған құтқарушылар мен еріктілер бөгендер мен бөгеттерді нығайтуға тырысуда.
Дрезденде апаттың беті қайтқан тәрізді. Саксония федералдық жерінің астанасында Эльба деңгейі аздап төмендеді - 8,76-8,60 метр шамасында, дегенмен су осы қаланың үйлері мен бөгеттеріне бұрынғыша қауіп туғызуда. Саксония ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, бұл жағдай Дрезденде тағы 4-5 күндей сақталады.
Бұдан бұрын ҚазАқпарат хабарлағандай, Еуроодақ су тасқынынан елеулі зардап шеккен елдерге қаржылай көмек беруге әзір. Германияның ынтымақтастық қорынан 3,67 млрд. еуроға дейін қаржы бөлінуі мүмкін.
Еске сала кетейік, Австрияда, Германияда және Чехияда болған нөсер жаңбырдың салдарынан күшті су тасқыны туындады, соның нәтижесінде бұл елдердің бірқатар аудандарында төтенше жағдай жарияланды.