Германиядағы су тасқынының алғашқы құрбандары белгілі болды

АСТАНА. 10 қаңтар. ҚазАқпарат - Германиядағы су тасқынының алғашқы құрбандары белгілі болды. 2010 жылдың соңындағы қардың көптігі, ауа райының күрт жылынуы мен жауған жауын-шашын соңғы күндері қардың еріп, Мозель, Майн және Рейн өзендеріндегі сулардың арнасынан асып кетуіне әкеліп соқты.

Кем дегенде бір адам қаза тапты, деп хабарлайды Deutsche Welle-ке сілтеме жасаған РБК агенттігі.

Батыстағы неміс қалалары су тасқынына дайындалуда. Жақында ғана Мозель өзенінің бойындағы 30-ға жуық елді мекен су тасқынынан зардап шегіп, Кохем және Целль қалаларының көшелеріндегі су деңгейі 1,5 метрге жеткен.

Мозель және Рейн өзендерінің қосылған жеріндегі Кобленц қаласы да табиғат апатынан зардап шекті, судың орташа мөлшері 8,3 метрге жеткен. Қаланың ең көрікті орны «Неміс бұрышы», яғни екі өзеннің қосылған сағасы 1 метрлік су астында қалып, өзен жағасындағы үйлерге де су жеткен.

Алдағы күндері Кобленц қаласындағы су мөлшері 9 метрге жетуі мүмкін. Алдын ала болжам бойынша 5 мың адам тұратын ауданды су басады.