ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгінгі күні жіті ішек инфекциясының жағдайы негізінен Германияның барлық федералдық жерінде және Германия, Дания, Швеция, Ұлыбритания, Голландия және Швейцариядан келген туристер арасында тіркелген, зардап шеккендердің жалпы саны 1200 адамнан асады, олардың ішінде 10 адам қайтыс болған.
Жұқтыру белгілері - құсу, құрысу, дене қызуының көтерілуі, қанды диарея. Бактерия жұқтырылған шикі және қажетінше жылумен өңдеуден өтпеген өнімді тұтыну кезінде беріледі. Дерт ауыр түрде өтеді және бүйректі асқындырды (гемолитикалық және уремикалық синдром), ол өлім-жітімге әкеп соқтыруы мүмкін.
Алдын ала деректер бойынша аурудың себепшісі - Солтүстік Еуропаға Испаниядан әкелінген энтерогеморрагиялық ішек таяқшалары жұққан қияр.
Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері республика аумағына Германиядан және Испаниядан әкелінетін көкөніс өніміне міндетті бактериологиялық зерттеулер жүргізе отырып, бақылауды күшейту туралы қаулы шығарды.
Осы мәселе бойынша Беларусь Республикасының санитариялық қызметі мен Ресей Федерациясы тұтынушылықты қадағалаудың федералдық қызметімен өзара іс-қимыл жолға қойылды.
Бүгінгі күні Қазақстан Республикасында импорт және жергілікті қиярларды тұтынумен байланысты ішек инфекциясы жағдайлары тіркелген жоқ. Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет жағдайды тұрақты бақылауға алып отыр.
Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті халыққа жеміс-көкөніс өнімдерін жақсылап жуғаннан кейін, мүмкіндігінше қайнаған сумен қосымша шайғаннан кейін ғана пайдалануға кеңес береді.