Гаукс Вальтер 15 жасында Қазақстаннан көшіп кеткен. Қазіргі уақытта Германияға көшіп келіп жатқан немістердің жастар ұйымын басқарады.
«23 жыл бұрын мен Қоңырат ауылынан Германияға көшіп кеттім. Бүгін Қазақстанға қайта келу бақыты бұйырып отыр. Қазақстан менің Отаным болып қала бермек. Бүгін Еуропаның миллиондаған немістерінің атынан Нұрсұлтан Әбішұлы Сізге алғыс айтқым келеді. 800 мыңнан астам неміс өзінің тарихи Отанына оралды, туған-туыстарын тапты. Сіз Алғыс күнін белгілеген кезде біз де «Қазақ халқына мың алғыс» дедік. Бізді Германияда қазақстандық немістер деп айтады. Ал Қазақстанда 180 мыңнан астам неміс Қазақстан халқының бір бөлігіне айналды. Біз немістердің тілдерін, мәдениетін қолдағандарыңызға рахмет айтамыз», - дейді неміс қайраткері Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясында.
Гаукс Вальтер өз сөзінде «Отаннан алыс болсақ та Қазақстандағы жаңалықтарға құлағымыз түрік» деді.
«Сіз Нұрсұлтан Әбішұлы, Қазақстан президенттігін тапсыра отырып, биліктің қақтығыссыз бейбіт жолмен өтуін қамтамасыз еттіңіз. 30 жылдың ішінде Қазақстан жеткен прогресске қуаныштымыз. Сіздің атыңыз - әлемде, Германияда орасан зор абыройға ие. Біз - Қазақстанның немістері технология, бизнес, дуальды білім беруде тығыз жұмыс істеп жүрміз. Біз тақырыптық семинарларды Қазақстанда да, Германияда да өткізіп жүрміз. Сіз Нұрсұлтан Әбішұлы осындай серіктестікке жол ашып бердіңіз», - дейді ол.
Гаукс Вальтер өз сөзінде Қазақстанның осынау стратегиялық бағытты жалғастыра беретініне сенім білдірді.
«Біздің немістер Германияда қазақ даласы туралы естіліктерді ұмытпайды. Немістердің бәрі Қазақстан халқы қандай жақсылық жасағанын біледі. Қазақстанды сүйеді. Көбі осында келіп, жусан жұлып алып кетеді. Жусан иісі - біздің есімізге даланы түсіреді. Қазы мен ет - біздің әлі күнге дейінгі сүйікті асымыз. Ал қымыз Германияда да өндіріліп жатыр. Қазақстан халқына бақыт пен гүлдену жолын тілейміз», - дейді Гаукс Вальтер.
Еске сала кетсек, елордада ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясы өтіп жатыр.