Германияға визаны қалай алуға болады?
10:40, 12 Маусым 2009
АСТАНА. Маусымның 12-сі. ҚазАқпарат - Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Райнер Ойген Шлагетер алдағы сәрсенбіде, маусымның 17-сі күні сағат 17.00-де Астанадағы Германия Елшілігінде виза рәсімдеу амалдарына байланысты мүдделі бұқаралық ақпарат құралдарының сауалдарына жауап береді.
ҚазАқпарат бұл туралы дипломатиялық өкілдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. Жыл сайын Қазақстанның көптеген азаматтары достарына немесе туыстарына бару үшін, немесе демалып қайту үшін Германияға барады. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары Қазақстаннан Германияға 750 мыңнан астам адамның қоныс аударуы да бүгінгі екі елдің арасындағы байланыстар мен қарым-қатынастарға себеп болып отыр, тіпті бұл қарым-қатынасты кейбіреулер ?«жанды көпір» деп те атап жүр. Қазақстанның Германиядағы жылы да, екі ел арасындағы осынау қарым-қатынастың қаншалықты тығыз екенін көрсетуде. Астанадағы Елшілік пен Алматыдағы Бас консулдықтың виза бөлімдері Еуроодақтың Қазақстандағы басқа өкілдіктеріне қарағанда, Шенген визасын әлдеқайда көп береді - оның көлемі жылына 40 мыңдай. Елші Шлагетердің БАҚ өкілдерімен болатын кездесуі аталмыш мәселеге қатысты ақпараттық дефицитті жоюға көмектеседі, деп пайымдауда дипломатиялық ведомство өкілдері. Кездесу Астанада Елшіліктің визалық бөлімінде: Шұбар ықшамауданы, Космонавтар көшесі, 62 мекен-жайында өтеді.