Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Goethe Schule Wetzlar мектебінен келген делегация 5-17 сәуір аралығында қазақ елімен етене танысып, оқушылармен үздік халықаралық тәжірибе алмасуды мақсат етіп отыр.
«Барлығымыз Қазақстанға алғашқы рет келіп отырмыз. Алған әсеріміз өте керемет. Мектепке кіре берісінен бізді оқушылар, ұстаздар өте жылы қарсы алды. Өте қуаныштымыз. Алдағы апталарда қала өмірімен, осы жердің мәдениетімен танысатын боламыз», - дейді делегацияны бастап келген Goethe Schule Wetzlar мектебінің шет ел тілдері ұстазы Хелена Крамер.
«Серіктес мектептер» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отырған бұл шара екі ел арасындағы өзара мәдени ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Әрбір делегат павлодарлық отбасыларда орнығып, қазақстандық жолдастарының өмір салтымен таныспақ. Осу уақытта меймандар облыстың көрікті жерлерін аралап, Нұр-Сұлтан қаласына сапар шегуді жоспарлап отыр.
«Мен Гете гимназиясынан келіп отырмын. Мені ерекше қызықтырғаны, мектепте биология, химия, физика және математика сынды пәндер ағылшын тілінде өткізілетіні. Өзім де физика және математика пәнінің ұстазы болғандықтан, алдағы күндері өзара тәжірибемізбен алмасып, ынтымақтастығымызды одан әрі өрбітеміз деп ойлаймын», - дейді Шлим Патрик.
Айта кетерлігі, 2018 жылдың екінші жартысында мектептің 15 оқушысы Гете-институты ұйымдастырған байқаудың жеңімпазы атанып, «Träume von Deutschland» оқушылар алмасу бағдарламасы аясында Германияға екі апталық сапарға барып келген болатын.