Бұл – Еуропа құрлығынан жеке компания әзірлеген зымыранның орбитаға алғаш рет жетуі. Isar Aerospace мұны еуропалық ғарыш саласы үшін тарихи оқиға деп атады.
Spectrum Норвегияның солтүстігіндегі Аннёйя ғарыш айлағынан 5 қыркүйек күні ұшырылды. Бұл зымыранның екінші сынақ ұшырылымы болды. Оның бортында бес шағын жерсерік пен бір технологиялық эксперимент болды.
Алғашқы сынақ 2025 жылғы наурызда өткен еді. Ол кезде зымыран ұшырылғаннан кейін шамамен 30 секундтан соң басқарудан айырылып, теңізге құлаған. Компания кейін апаттың себептерін зерттеп, Spectrum жүйесіне бірқатар өзгеріс енгізді.
Spectrum – ұзындығы 28 метр болатын екі сатылы зымыран. Ол төменгі Жер орбитасына 1 тоннаға дейін жүк жеткізуге арналған.
Isar Aerospace Еуропаның ғарышқа өз бетінше шығу мүмкіндігін кеңейтуді және шағын әрі орта көлемдегі жерсеріктерді коммерциялық негізде орбитаға жеткізуді көздейді. Компания алдағы уақытта жылына 40-қа дейін зымыран шығаруды жоспарлап отыр.
Еске сала кетсек, бұған дейін SpaceX АҚШ-та Starship-ке арналған жаңа ғарыш айлағын салатынын жаздық.