Германияның 2017 жылғы ең сұлу қызы анықталды
11:22, 19 Ақпан 2017
АСТАНА. ҚазАқпарат - ГФР-дегі Лейпциг қаласының 18 жасар мектеп оқушысы "Германия аруы" конкурсының жеңімпазы атанды. Конкурс финалына 21 үміткер қатысты. Ал биыл аталмыш конкурстың 90 жылдығы аталып өтілді.
Лейпциг қаласының 18 жасар мектеп оқушысы Зорайя Кольман (Soraya Kohlmann) "Германия аруы - 2017" титулын жеңіп алды. Баден-Вюртемберг федеративті өлкесінің Руст қаласындағы Europa-Park ойын-сауық саябағында өткен конкурстың нәтижесі 19 ақпан, жексенбі күні түнде белгілі болды.
Барлық қатысушы қыздар сахнаға кешкі көйлектермен, сондай-ақ шомылу костюмімен шықты. Германияның түкпір-түкпірінен келген мыңдаған қатысушылар финалға ілігу үшін бірнеше іріктеу кезеңдерінен өтті. Финалдық шоудың әзірлігі арнайы жаттығу лагерінде өтті.
Биылғы жылы "Германия аруы" (Miss Germany) конкурсы өзінің 90 жылдығын тойлады. Бұл сайыс ең алғаш рет 1927 жылы өткен еді.