Германияның бірқатар елді мекендерінің тұрғындары наразылық шеруге шығатынын мәлімдеген

АСТАНА. ҚазАқпарат - Дағдарыс ызғары Германияның бойын тітіркендіре бастаған секілді. Өйткені, мұнда әлеуметті толғандырған мәселелер жиі-жиі қылаң беруде. Бұл жағдайлар елдегі іргелі компаниялардың қаржы тапшылығымен бетпе-бет келуінен туындап отыр, деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті.

Неміс халқы мақтан ететін ірі құрылымдардың бірі, электроника, электротехника, медициналық құралдар, электроэнергетика өндірісі саласындағы алпауыттар қатарындағы Siemens концерні қаржылық қиындықтарға байланысты қызметкерлерін жаппай қысқартатыны жайлы ашық мәлімдеді. Бүгінде жұмыстан босату жөніндегі хабарлама жазылған парақшалар компания арқасында нәпақа тауып келген 7 800 адамға таратып берілген. Бұл концерндегі барлық жұмысшылардың 2 пайызын құрайды. Олардың 3 мыңнан астамы Германия азаматтары көрінеді. Бірінші кезекте Siemens компаниясының Эрланген қаласында орналасқан бөлімшесіндегі 900 қызметкер өз жұмысынан қол үзеді.

Жалпы, компания қызметкерлерін қысқарту арқылы 1 млрд. еуроға жуық ақша үнемдеуді көздеп отыр. Үнемделген қаржы инновациялық жобаларға жаратылмақ. Соңғы деректер бойынша, құрылымның табысы жыл өткен сайын 1-2 млрд. еуроға кеміп келеді.

Қазіргі таңда ел халқының билікке деген өкпесі қара қазандай. Қоғамда ертеңге деген сеніміне селкеу түскен азаматтар қатары өсе түскен. Мәселен, мемлекеттегі «Верди» қауіпсіздік саласы қызметкерлерінің одағы наразылық шараларын өткізетіндерін хабарлады. Бұл ереуілге Гамбург, Штутгарт және Ганновер әуежайларының жұмысшылары да қолдау білдірген. Мұның салдарынан 80 мыңға жуық жолаушы зардап шегуі мүмкін. Аталмыш кәсіподақ қауіпсіздік саласы қызметкерлерінің жалақысын өсіруді талап етуде.

Былайғы жұртқа Германияда бәрі өз қалпында секілді көрінеді. Алайда, елдің сыртқы және ішкі жағдайы соншалықты мәз емес. Бұған мемлекеттің бірқатар одақтастарының басына түскен ауыртпалықтар тікелей әсер етіп отырғаны белгілі.