Германияның сегіз әуежайында ереуіл болады
19:53, 14 Қаңтар 2019
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Германияның Ver.di кәсіподағы елдегі сегіз әуежайдың қауіпсіздік қызметтері өкілдерін ереуілге шақырды. Бұл туралы кәсіподақ ұйымының дүйсенбідегі мәлімдемесінде хабарланды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның меншікті тілшісі.
Майндағы Франкфурт, Ганновер, Бремен, Гамбург, Мюнхен, Лейпциг, Дрезден және Эрфурт қалалары әуежайларының қауіпсіздік қызметкерлері 15 қаңтар, сейсенбі күні ереуілге шықпақ. Соған байланысты, аталған әуежайлар жұмысында айтарлықтай үзілістер болуы мүмкін.
Ver.di кәсіптік одағы әуежайлардың қауіпсіздік қызметтері жұмысшыларының жалақысын көтеруді талап етіп отыр. Ұйым өкілдерінің пікірінше, келіссөздер төрт раундқа созылса да, жұмыс берушілер көңіл көншітерліктей ұсыныстар жасамаған.
Тимур Дүйсекеев