Германияның теміржол компаниялары Қазақстанға 200 млн. еуродан астам инвестиция салуға ниетті

АСТАНА. 6 сәуір. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Германия Федеративтік Республикасының теміржол саласындағы компаниялары Қазақстанға 200 млн. еуродан астам инвестиция салуға ниетті.

Бұл туралы ҚазАқпаратқа Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

«KAZNEX INVEST» Экспорт және инвестиция жөніндегі ұлттық агенттігінің болжамына қарағанда, құрамында 28 теміржол компаниялар өкілдері бар неміс делегациясының елімізге сапары нәтижесінде келісілген инвестициялар мөлшері 200 млн. еуродан астам болып отыр.

Бұл ретте Экономика және технологиялар федералдық министрлігінің технологиялық инвестициялар жөніндегі үкіметтік директоры Рамона Фрик бастаған немістің теміржолшылар делегациясы ағымдағы 15-19 наурыз аралығында Астана мен Алматы қалаларында болып, бірқатар екіжақты кездесулер ұйымдастырған болатын. Нақтырақ айтсақ, осы сапар шеңберінде делегация мүшелері Индустрия және жаңа технологиялар, Көлік және коммуникация министрліктерімен, сондай-ақ «Қазақстан темір жолы» АҚ басшыларымен келіссөздер жүргізіп, қазақстан-неміс бизнес-форумына қатысқан еді. Бұдан бөлек, неміс делегациясы елордадағы «Локомотив құрастыру зауытында» және Алматыдағы Метрополитен және вагон жөндеу зауытында болды.

Ал «KAZNEX INVEST» Ұлттық агенттігінің Еуропа бойынша өңірлік директоры Мархабат Балғабайдың айтуынша, Қазақстанның теміржол саласына Германиядан инвестиция тарту мәселесі былтырдан бері көтеріліп келеді. «Бұндай қадамға ГФР Экономика және технологиялар министрлігі мен Неміс теміржол индустриясы одағы белсенді қолдау көрсетуде. Ал осынау ынтымақтастықтың тиімді жүзеге асуы біздің отандық теміржол саласының импортқа тәуелділігін айтарлықтай төмендететін еді», - деді М. Балғабай.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін белгілі болғандай, «Қазақстан темір жолы» АҚ жыл сайын 2800 атаудағы түрлі өнімдерді сатып алса, солардың 80 пайызы шетелден тасылады.