GGG кәсіпқой бокста тұңғыш рет жеңілді
Бірінші раунд қарсыластардың бірін-бірі барлауымен өтті. Бір-бірін әбден зерттеген боксшылар рингте қаймықтайтындарын көрсетті. «Канело» бірінші айқастағыдай емес, бұл жолы бетпе-бет айқасқа ден қойған секілді. Алғашқы раунд тең дәрежеде өрбіді.
Бесінші раундта Головкин қысымды үдете түсті. Десе де, төртінші раундта кеткен есесін «Канело» қайтаруға барын салып бақты. Мексикалықтың тактикасын өзгерткені көрініп тұр. Геннадийді қыспаққа алуға барын салып жатыр. Бесінші раундта «Канелоның» қабағы жырылып кетті.
Айқастың бел ортасы - алтыншы раундта боксшылар біршама соққы алмасты. Альварес Головкиннің бүйірін аңдып, соққы жасауға тырысып көрді. Алайда ол әрекеттері нәтижесін бере қоймады. Қазақстандық алтыншы раундта қарсыласының қыспағына лайықты жауап берді.
Жетінші раундта қарсыластар бір-бірін бір уақытта сол қапталдан ұрып, екеуі де ауыр соққы алғандай көрінді. Алайда рингтің ортасын әлі бір-біріне ысырып беретін емес. Соңында Генадийдің бірнеше соққысы дөп тиіп, аталмыш раундты отандасымыз сәтті аяқтады.
Сегізінші раундта «Канелоның» бірнеше соққысы Головкинге дөп тиді. Раундтың ортасына дейін мексикалықтың басымдығы байқалғаны анық. Десе де, бетпе-бет айқас тоқтаған жоқ. Бір-бірінен қаймықпайтын боксшылардың нағыз айқасы тоғызыншы раундта да бәсеңдеген жоқ. Қанша соққы алғанымен, «Канелоның» шегінер түрі жоқ.
Оныншы раундта Головкин бірнеше соққысымен айқасты уақытынан бұрын аяқтауға шақ қалғандай болды. Алайда қазақстандықтың бұл жойқын шабуылына Канело шыдап берді.Қос қарсыластың әбден шаршағаны байқалып тұр. Оныншы раунд Головкиннің еншісінде деп айтуға әбден болатын секілді.
Он бірінші раундта Альварес шегінгендей болды. Он раунд бойы алға басқан мексикалық сыр бере бастағандай. Джеп пен кросты қатар тигізген Головкиннің соққысы залдағы көрермендерді аяғынан тік тұрғызғаны анық. Ал раунд соңында Канело қайтадан қыспаққа алып көруге тырысқанымен, шабуылдарын аяғына дейін жеткізе алмады. Қос боксшы да нағыз темірдей төзім иелері екенін дәлелдеді.
Соңғы раундта Головкиннің сол жақтан ұрған бірнеше соққысы дөп тиді. «Канелоның» аяғы тайып бір жығылып тұрғанымен бұл нокдаун емес еді. 12-ші раундта әбден шаршаған боксшылардың айқасы осылайша нокаутсыз аяқталды.
Еске сала кетсек, осыдан тура бір жыл бұрын қос боксшы Лас-Вегаста кездесу өткізіп, төрешілердің шешімімен тең түскен болатын.
Фото: hbo.com/boxing