GGG мен Canelo тең түсті
Жерлесіміз бірінші раундтан бастап шабуылға көшіп, мексикалық боксшыны қыспаққа алды. Алайда Альварес те қарап қалған жоқ, артқа шегінсе де, қарымта соққыларын жасап жүрді. Кейінгі раундтарда екі боксшы да әдемі соққыларын дарыта білді. Джебтер де, аперкоттар да жасалды.
Соңғы раундта мексикалық боксшы өз қарқынын үдетті. Сериялық соққыларын да іске асыра білді. Алайда Головкин де қайтқан жоқ. Барлық соққыларды қабылдап, ашық бокстасуға шақырды. Сөйтіп, толық 12 раунд бойы бокстасып шықты.
Жекпе-жек нәтижесінде, бір төреші Альвареске, біреуі Генаға үшіншісі екі боксшыны тең жұдырықтасты деп баға берген. Сөйтіп екі боксшы тең түсті.
Айта кетейік, аталған жекпе-жекті Геннадий Головкин ғана емес, барша бокс жанкүйерлері ұзақ күтті. Ал осыдан екі жыл бұрын "Канело" танымал боксшы Мигель Коттоны жеңіп, WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанғанда Головкинді өзі жекпе-жекке шақырды. Дегенмен, артынан бұрынғы промоутерлік компаниясы арасындағы сот дауын сылтауратып, өз уәдесін орындауды ұзартып жіберді. Сол кезде WBC ұйымы оны GGG-ге қарсы жекпе-жек өткізуге міндеттеді. Альварес көп ұзамай, чемпиондық атақтан бас тартты. Сол үшін мексикалық жанкүйерлердің қаһарына ұшырады. Ал Геннадий Головкин WBC белбеуін жекпе-жексіз иемденді. Биыл "Канело" қазақстандық боксшыны екінші рет ресми түрде жұдырықтасуға шақырып, өз сөзінде тұрды. Алайда бұл жекпе-жекте WBC атағы үшін таласпайтынын мәлімдеген болатын.