Гидтер мен экскурсия жетекшілерінің II елордалық форумы өтті

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Президенттік орталығы ғимаратында гидтер мен экскурсия жетекшілерінің II елордалық форумы өтіп жатыр. Іс-шара 21 ақпан — Бүкіләлемдік гидтер мен экскурсия жүргізушілер күніне орай ұйымдастырылды. 

Форумды Астана қаласының әкімдігі, «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығы» ЖШС, Президенттік орталық және елордалық гидтер клубы бірлесіп өткізуде. Шараға 130-дан астам гид, экскурсовод, музей қызметкері және туризм саласының мамандары қатысты. Сонымен қатар, өңірлерден және шетелден келген тәжірибелі сарапшылар да форумға шақырылған.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Форумның басты мақсаты — экскурсиялық қызмет сапасын арттыру, гидтердің кәсіби деңгейін жетілдіру және ішкі туризмді дамыту жолдарын қарастыру.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Жиын пленарлық отырыспен басталды, онда экскурсиялық қызметті мемлекеттік реттеу, саладағы стандарттар мен талаптар мәселелері көтерілді.

Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат шара барысында форумның маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанда туризм тұрақты түрде дамып келеді.

Фото: Kazinform

— Өткен жылы дәл осы жерде елордалық гидтер мен экскурсия жүргізушілерінің I форумы өткізілген еді. Сол уақыттан бері туристер саны артты, олардың географиясы кеңейді, салаға салынатын инвестициялар көбейді, инфрақұрылым дамытылды. Бұл Мемлекет басшысы қойған стратегиялық міндеттердің нақты жүзеге асуының көрінісі. 2025 жылы отандық туризм саласына салынған инвестициялар 1,2 трлн теңгеден асып, 2024 жылмен салыстырғанда 32%-ға артты, — деді ол.

Бақытжан Темірболат сондай-ақ Астананың тек Қазақстанда емес, Орталық Азиядағы жетекші туристік орталықтардың бірі ретінде өз позициясын нығайтып келе жатқанын айтты. Бұған гидтер мен экскурсия жетекшілерінің жоғары кәсіби дайындығы мен білімі айтарлықтай әсер етеді.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

— Гид-экскурсия жүргізуші тек туристерді алып жүретін адам емес. Ол елдің өкілі, тарихи мұра әлеміне жол көрсетуші, қонақтардың Қазақстан туралы көзқарасын қалыптастыратын мәдени елші. Оның кәсібилігі, білімі, шеберлігі мен жеке қасиеттері туристерге қалдыратын әсердің қаншалықты есте қаларлық болатынын анықтайды, — деді Бақытжан Темірболат.

Форумның панельдік сессиялары барысында гидтер, музей экскурсия жүргізушілері және Visit-орталықтар өкілдері өз тәжірибелерімен бөлісті. Бірінші сессияда музейлік экскурсияларды ұйымдастырудағы заманауи әдістемелік тәсілдер таныстырылды, аудиториямен тиімді жұмыс істеу құралдары талқыланды.

Екінші сессияда саланы заңнамалық реттеу және мұраны интерпретациялаудың халықаралық тәжірибесі қаралды. Өз тәжірибесімен Грузия экотуризм қауымдастығы басқарма төрағасы Наталия Бахтадзе-Энглендер және Германиядағы «Interpret Europe» Еуропалық мәдени мұраны интерпретациялау қауымдастығының үйлестірушісі Дубравко Фиячко бөлісті.

Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаев гидтердің рөлінің ерекше екенін атап өтті.

Фото:Виктор Федюнин/ Kazinform

— Турист үшін нысандарды жай көру жеткіліксіз. Қала тарихын, бірегейлігін және құндылықтарын тек гидтер жеткізе алады. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, табысты қалалық дестинациялар гидтердің кәсіби қауымдастығымен жүйелі жұмыс жүргізеді. Вена, Сингапур, Барселона сияқты ірі туристік орталықтарда гидтер туристік саясаттың серіктестері және қала брендісінің маңызды бөлігі ретінде қарастырылады, — деді ол.

Форумға қатысушылар экскурсиялық қызмет сапасын арттыру, ішкі туризмді дамыту және туристерге көрсетілетін қызметтің сапасын жоғарылату мәселелерін талқылады.

— Қонақтарымызды қарсы алып жүрген гидтер мен экскурсия жетекшілері — туристерге қаламызға не үшін келгендерін сездіретін тұлғалар. Сіздердің сөздеріңіз, әңгімелеріңіз Қазақстанның бейнесін қалыптастырады. Сондықтан гид мамандығы — өте жауапты әрі беделді кәсіп. Себебі адамдар тек естелік суреттермен емес, жүректерінде сақталатын оқиғалармен қайтады, — деді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Ғазизов.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Форум қорытындысында экскурсиялық қызметтің сапасын арттыру, туристік саланы дамыту және Қазақстанның мәдени-туристік әлеуетін нығайтуға бағытталған нақты ұсынымдар әзірленеді. Ұйымдастырушылар бұл ұсынымдардың алдағы уақытта елдегі туристік саясатқа елеулі ықпал ететінін жеткізді.

Айта кетейік, осыған дейін туризм саласына салынған инвестиция көлемі 33% артқаны туралы жаздық.