«Гил 12 раундқа шыдас бермейді» - Головкин

АСТАНА. ҚазАқпарат - Орта салмақта WBA (Super) және IBO чемпионы Геннадий Головкин келесі қарсыласы аустралиялық Дэниэль Гил 12 раунд бойы аяғында тұра алады дегенге күмәнданып отыр, деп хабарлайды Tofight.ru.

Екі боксшының арасындағы жекпе-жек 27 шілдеде таңертең Нью-Йорк қаласында 20 мың орындық Madison Square Garden аренасында өтпек. Геннадий Головкиннің айтуынша, бұл кездесу оған сынақ болмақ. "Бұл мен үшін жақсы сынақ, бірақ мен ол 12 раундқа жалғасады деп есептемеймін", - деді Головкин. Еске салайық, 2008 жылдан бері қазақстандық боксшының алдына келген бірде-бір боксшы соңғы раундқа дейін жетпеген. 29 жекпе-жектің 26-сы нокаутпен аяқталды. Головкин-Гил жекпе-жегін қазақстандық көрермендер KazSport пен "Қазақстан" телеарналарынан тікелей эфирде тамашалай алады.