ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бельгия Корольдігіне ресми сапары аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Еуропалық комиссияның Зерттеулер және инновациялар жөніндегі бас дирекциясы бас директорының орынбасары Мария Кристина Руссо және Еуропалық инновациялар кеңесінің төрағасы Михил Схеффермен кездесті.
Келіссөздердің негізгі тақырыбы Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы ғылым, ғылыми зерттеулер, инновациялар және технологиялық кәсіпкерлік салаларындағы ынтымақтастықты нығайту болды.
Кездесулер барысында Қазақстанның Horizon Europe бағдарламасына қауымдасу үдерісін ілгерілету мәселесіне ерекше назар аударылды.
Қазақстан бұл қауымдастықты отандық жоғары оқу орындарының, ғылыми ұйымдар мен компаниялардың еуропалық зерттеу консорциумдарына, бірлескен жобаларға және Еуропалық зерттеу кеңістігіне қатысу мүмкіндіктерін кеңейтетін стратегиялық қадам ретінде қарастырады.
— Сондай-ақ тараптар deep-tech бағыттарын дамыту, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру, стартаптарды қолдау, ғылым мен өнеркәсіпте жасанды интеллектіні қолдану, сондай-ақ еуропалық серіктестермен бірлескен бастамаларды әзірлеу перспективаларын талқылады, — делінген министрлік хабарламасында.
Аталған кездесулер Қазақстанның Horizon Europe бағдарламасына қауымдасу бастамасын ілгерілетудегі және Еуропалық одақпен инновациялық ынтымақтастықты кеңейтудегі маңызды кезең болды.
— Қазақстан жекелеген ғылыми жобаларға қатысумен ғана шектелмей, отандық университеттердің, ғылыми-зерттеу ұйымдарының, стартаптар мен технологиялық компаниялардың еуропалық зерттеулер, инновациялар және deep-tech желілеріне толыққанды кірігуін мақсат етеді. Бұл бағыттағы жұмыста Еуропалық комиссиямен және Еуропалық инновациялар кеңесімен практикалық ынтымақтастықты дамыту ерекше маңызға ие болады, — делінген хабарламада.
Айта кетелік елде жасанды интеллект бойынша халықаралық айна зертханасы құрылатыны туралы жазған едік.