— Біз қазір білім экономикасы үстемдік құрған дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Осындай кезеңде технологиялық дербестігімізді күшейте түсу үшін ғылым саласын және жоғарғы мектеп жүйесін дамытуға баса назар аударуымыз қажет. Соған сәйкес біз еліміздегі университеттерді жаңғырту жұмысын қолға алдық. Бұдан бөлек, шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының филиалдары ашылып жатыр. Өздеріңіз мақұлдап, қабылдаған «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң ғылыми инфрақұрылымды жақсартып, жас ғалымдарға мол мүмкіндіктер беруге зор ықпал етуде, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы орайда Президент алдымызда ғылым деңгейін, оның тиімділігін барынша көтеруге қатысты маңызды мақсат тұрғанын атап өтті.
— Әрине, кез келген ұлттың зияткерлік әлеуеті сол елдегі орта білімнің деңгейімен өлшенетіні ақиқат. Соңғы үш жылда республика бойынша 584 заманауи мектеп салынды. Әрбір үшінші мектеп инновациялық үлгідегі «Келешек мектептері» жобасы аясында бой көтерді. Биыл тағы 84 мектеп ашылады. Оның жартысынан көбі ауылдық жерлерде салынып жатқанын атап өту қажет, — деді Мемлекет басшысы.
Бұған дейін хабарланғандай, бүгін елордада Парламент палаталарының бірлескен отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдың алдында қандай міндет тұрғанын атады.